Қазақстан парламенті Телерадиохабар тарату туралы Заң қабылдады

Республикамыздың тұрғындарының эфирлік сандық телерадиохабар таратумен толық қамтылуын қамтамасыз етуді және отандық телевизиялық арналар мен радиоарналардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруды  қарастыратын «Телерадиохабар тарату туралы» Заңды сәрсенбі күні Қазақстан парламенті қабылдады, деп хабарлайды агенттіктің тілшісі.


Бұл заң, атап айтқанда, кабельдік операторларға базалық пакетке – аймақта хабар тарататын барлық отандық телеарналарды енгізуді міндеттейді. Сонымен қатар, Қазақстан аумағына сигнал тарататын шетелдік телеарналар республикамызда тіркеуден өтуі тиіс және заңның барлық талаптарын орындауы тиіс, соның ішінде, алкогольді жарнамалауға, қатыгездік пен зорлық-зомбылықты насихаттауға тыйым салу талабын орындауы тиіс.

Бұл заң 2015 жылға қарай аналогтық хабар таратудан сандық хабар таратуға толығымен өтуді де қарастырады. Пилоттық тәртіптемеде бірінші болып сандық үлгіге Астана, Алматы және Қарағанды қалалары келесі жылы енеді.

Өкілетті үкіметтік орган тарапынан шетелдік және отандық теле-, радиоарналарды есепке қою жүзеге асырылатын болады, телерадиохабар тарату операторлары лицензияланатын болады.
"
Қазіргі уақытта телеарналарда зорлық-зомбылық, қатыгездік және порнография көріністері орын алып отырғандығын өздеріңіз де білесіздер. Осыған байланысты, бұл заң осындай мазмұндағы фильмдерге, әсіресе, балалардың психологиясына әсерін тигізетін фильмдерге тыйым салуға бағытталған", - деді байланыс және ақпарат вице-министрі Ләззат Танысбай, сенаттың пленарлық мәжілісінде осы құжатты ұсына отырып.

Бұған қоса, 2018 жылға қарай отандық мазмұнның үлесін 50%-ға дейін арттыру қарастырылуда. Отандық мазмұнды дамыту барысында, еркін қол жеткізілетін телеарналар пакеті және міндетті телеарналар пакеті қалыптастырылатын болады. "Заңның ең басты міндеттерінің бірі келесі болып табылады: сандық таратуға ауысу барысында барлық отандық телеарналарды ұлттық телерадиохабар тарату операторы тарататын телеарналар пакетіне енгізу кепілдігі қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, шетелдік тәжірибенің негізінде, тұрғын халықтың әлеуметтік жағынан нашар қамтылған топтарын республикалық бюджеттің есебінен сандық телевизиялық приставкалармен қамтамасыз ету қарастырылған", - деп атап өтті Байланыс министрлігінің өкілі.

Телебағдарламаларды тарату барысында мүгедектердің құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында, осы заңда – жаңалық сипатындағы телебағдарламаларды сурдоаудармамен немесе субтитр түріндегі аудармамен қамтамасыз ету қарастырылады", - деп атап көрсетілген комитеттің тұжырымында.

Телерадиохабар таратуды дамыту мәселесіне кешенді түрде кірісу мақсатында, үкімет жанынан тәуелсіз сабағаттық-кеңесші орган және "Қазтелерадио" ұлттық компаниясының базасында ұлттық телерадиохабар тарату операторы құрылады.

"
Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағындағы тұрғын үй кешендерінде жекеше жерсеріктік және эфирлік қабылдағыш құрылғыларды, кабельдік коммуникацияларды орналастыру жөніндегі талаптарды белгілеу құқығын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астанамыздың әкімдіктері (әкімшіліктері) мен  мәслихаттарына (жергілікті өкілдеуші органдар) ғана емес, сонымен қатар, қалалар мен аудандардың жергілікті өкілдеуші және атқарушы органдарына да беру қарастырылады", -делінген тұжырымда.

Шет елдердегі отандастарымыз үшін мемлекеттік қазақ тілін дамыту мақсатында, шетелдік аудиторияға арналған отандық теле-, радиоарналарды тарату жөнінде түзету енгізілген.

Журналистік қоғамдастықтың бірқатар өкілдері мен құқық қорғаушылар бұл заңды сынаққа алып, билік өкілдерін оны қабылдауды тездетпеуге шақырды. 2011 жылдың қараша айында Үкіметтік Емес Ұйымдар мен журналистер «Телерадиохабар тарату туралы» заңды – оның парламентке келіп түскен редакциясында қабылдамау жөніндегі талабымен мемлекет басшысына үндеу жариялады. Олардың бағалауы бойынша, құжаттың көптеген ережелері азаматтардың кедергісіз ақпарат алуына және таратуына қатысты конституциялық құқығын бұзады немесе шектейді, ақпарат көздерінің қысқаруына және отандық медиа-нарықтың кемуіне апарып соқтыратын алғышарттарды тудырады. Қазақстандық медиа-нарықтың қатысушыларының пікірінше, бұл заң осы саланы мемлекеттің пайдасына монополияландырады. Олар әсіресе, жаңа заңға сәйкес кабель арқылы, жерсерік арқылы немесе интернет арқылы хабар тарату үшін қажетті лицензияны барлық компаниялар ала алмайды деп қауіптенуде. Сонымен қатар, сарапшылардың пайымдауынша, құжаттың мәтінінен келесіні аңғаруға болады: ұлттық телерадиохабар тарату операторы мемлекеттен орасан зор артықшылықтар алатын болады және біршама уақыттан кейін нарықтың басқа қатысушыларын, соның ішінде бірінші кезекте – өздерінің теле-, радиоарналарын тарату жөніндегі келісім-шарттарды жасауға мәжбүр болған телекомпанияларды өз шарттарына мәжбүрлей алады.

Сондай-ақ, депутаттар да «Телерадиохабар тарату мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспелі заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады». Бірқатар заңнамалық актілерді телерадиохабар тарату туралы заңмен сәйкестікке келтіру мақсатында, оларға түзетулер ұсынылды. Атап айтқанда, Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске, Салық кодексіне, «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы», «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы», «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы», «Лицензиялау туралы» заңдарға және тағы басқа заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгізілуде. АСТАНА, 28 желтоқсан,  Қазақстан Жаңалықтары Ақпарат Агенттігі.

Түпдерек:

http://newskaz.ru/society/20111228/2398550.htm