«Нью-Йорк Таймс» 2011 жылдың ең маңызды оқиғаларының фотосуреттерін жариялады

"Нью-Йорк Таймс" газеті бүгін елдегі және әлемдегі ең маңызды оқиғаларды түсіріп алған өз тілшілерінің фотосуреттер топтамасын жариялай отырып, өтіп бара жатқан 2011 жылдың қорытындысын жасады, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС.

Арнайы қосымшада – тарихқа айналып үлгірген оқиғаларға арналған бірнеше тараулар бар: "Араб көктемі", "Басып ал", "Табиғат", "Әлем", "Ұлт" және "Елеулі Кезеңдер".


Бірінші болып топтамада Тунистегі, Египеттегі және Ливиядағы наразылықтарға арналған фотосуреттер және Хосни Мубарак пен Муаммар Каддафи режимдерінің құлауына арналған фотосуреттер жарияланған. Топтамада полковник Каддафидің резиденциясынан жасалған сирек суреттер, оның ұлтқа үндеуінен кейін Триполидегі мейманханадан жолға шығуы, оның жақтастарының опат болуы, оппозицияның салтанат құруы келтірілген.

Сондай-ақ, топтамаға – қауіпті аймақтарда өз жұмысын орындай отырып опат болған, басылымның фоторепортерлерінің суреттері енді. "Журналистер жүздеген миль қашықтықта бола отырып, оқиғалар туралы жаза алады, ал фоторепортерлер болса, әрдайым оқиғаның қақ ортасында жүреді, олар қажетті сәтте қажетті жерде болуға үміттенеді, ал керісінше болғанын қаламайды", - делінген суреттердің астындағы жазуларда.

Одан кейін, Нью-Йоркте басталып, ал кейіннен бүкіл елді қамтыған «Уолл-стритті басып ал» акциясы оқиғаларының даму хроникасы жарияланған. Нью-Йорктегі, Вашингтондағы, Чиагодағы және Лос-Анджелестегі шатырлы қалашықтар, полициямен ұрыс-керістер, тәртіпсіздік кадрлары.

Сонымен қатар, өтіп бара жатқан жылы адамзат баласына бірталай қиындықтарды алып келген дүлей апаттардың фотосуреттері де топтамадан орын тапқан: Жапониядағы күйреткіш цунамидің кадрлары, осы елді наурыз айында күйзеліске ұшыратқан алапат зілзаланың салдары. Фотосуреттердің арасында Натори провинциясынан түсірілген әйгілі сурет, онда алапат су тасқынының ортасында таңғажайып жағдаймен аман қалған үй алаулап тұр. Басқа суреттердің арасында – Тайландтағы топан су, американың Джоплин қаласындағы 158 адамның өмірін жалмаған торнадоның соққысынан кейінгі кадрлар, Жаңа Зеландияның Кристчерч қаласындағы зілзаланың салдары, суреттердің арасында – Түркияның Эркис қаласындағы зілзаланың салдарынан бұзылған үйдің үйінділерінің астынан жасы екі аптаға толған Азраның таңғажайып жағдайда құтқарылу фотосуреті де бар.

Басылым әлемнің басты оқиғаларын да ұмыт қалдырған жоқ Солтүстік Кореяның жетекшісі Ким Чен Ирді жерлеу рәсімі, «Әл-Каиданың» жетекшісі Усама бен Ладеннің көзін жою туралы жаңалыққа орай американдықтардың реакциясы, олардың арасында – АҚШ президенті Барак Обаманың, мемлекеттік хатшы Хиллари Клинтонның, вице-президент Джозеф Байденнің және басқа да жоғары лауазымды тұлғалардың Ақ Үйде Пәкістандағы құпия операция туралы баяндаманы тыңдап отырған кезінде түсірілген әйгілі фотосурет те бар. Газеттің болжамы бойынша, басқа да айрықша суреттердің арасында – Ресейдегі парламент сайлауының нәтижелеріне қарсы наразылықтар, ханзада Уильям мен Кейт Миддлтонның некелесуіне байланысты қонақтардың Букингем сарайына келу рәсімі орналасқан. Басты ұлттық оқиғалардың арасында АҚШ президенті мансабы үшін тартысып жатқан үміткерлердің пікірталастары, 2001 жылдың 11 қыркүйегіндегі қорқынышты лаңкестік әрекеттің 10 жылдығына орай өткізілген шаралар бар. "Елеулі кезеңдер" айдарында – Оңтүстік Судан мемлекетін жариялауға байланысты тойлау салтанатының, Қытай коммунистік партиясының 90-жылдығына арналған Пекиндегі шаралардың, сондай-ақ, Нью-Йорктегі алғашқы біржыныстық некені тіркеудің суреттері келтірілген.

Түпдерекке сілтеме:

http://www.internews.kz/newsitem/27-12-2011/17125